
ҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР, ҚҰРМЕТТІ ҮЛКЕН-КІШІ БАУЫРЛАР!
Сонау көне замандардан бері жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Әз Наурыз тағы да босағамызды аттап келе жатыр. Бұл қыстың көбесі сөгіліп, жер бетіндегі тіршілік атаулыға жан бітіп, жасарып, жаңаратын уақыт.
Бүкіл шығыс халқына ортақ мереке саналатын Наурыздың тарихы тым тереңде жатыр. Көне парсы тілінде «жаңа күн» деген ұғым беретін бұл мейрам жаңару мен тазарудың, татулық пен ынтымақтың, кешірім мен кеңпейілділіктің, мейірім мен мейірбандықтың, ізет пен ізгіліктің мерекесі. Бұл күні шат-шадыман қуанған халық бір-бірімен құшақ айқастырып қауышып, ізгі тілектер арнап, үлкендер айнала жамағатқа ақ батасын беріп жатады.
Қыс қыспағынан құтылып, осы бір жаймашуақ уақытқа сау-саламат жету пенде баласы үшін өлшеусіз бақыт. Біз де, міне, осы бір атаулы күнге аман-есен жетіп отырмыз.
Алдымызда үлкен арман, жарқын болашақ, жасампаз істер, игі бастамалар бар. Сол бір күндерге аман жетейік, ағайын!
Жыл басы елімізге тыныштық, әрқайсымыздың отбасымызға бақ-береке әкелсін! Келесі Наурызды аман көруге жазсын! Бар болыңыздар!
Құрметпен Абай ӘЛЖАНОВ, Ерейментау ауданының әкімі