
Құрметті аудан тұрғындары, өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылдың 19 наурызында мажоритарлық жүйе бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттар мен мәжілістерге сайлау өтеді. «AMANAT» партиясы мені №11 сайлау округі бойынша облыстық депутаттыққа бір мандаттық кандидат ретінде ұсынды. Менің аты-жөнім – Әкімов Бекім Серікұлы. Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Изобильный ауылында туып өстім. Алматы қаласында Қазақ көлік және коммуникациялар Академиясында жоғары білім алдым. Еңбек жолымды 1986 жылы туған ауылымда механизатор болып бастадым. Одан кейін темір жол саласында 15 жыл, құрылыс саласында 6 жыл және басқа салаларда еңбек етіп, бүгінгі күні «Нұр Ali-2011» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысымын. Мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысамын. Ерейментау ауданы, Күншалған ауылы жергілікті қоғамдастығының төрағасы ретінде 5 жыл жұмыс атқардым. Қазіргі күнге дейін Күншалған ауылы орта мектебінің қамқоршылық кеңесінің төрағасымын, «Ерейментау-Агро» Несие серіктестігі» ЖШС Басқарма мүшесімін. 2020 жылы праймеризден өтіп, ағымды жылға дейін Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болдым.
Құрметті жерлестер!
- «АMANAТ» партиясынан Ақмола облысы депутаттық корпусының құрамында бола отырып, партияның сайлауалды бағдарламасындағы Ерейментау ауданының Жол картасының іске асырылуын бақылауды жүзеге асырдым. Біз алдымызға нақты міндеттер қойып, оларды орындадық.
- Ауданның елді мекендерінде көше-жол желісін салу және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді;
- Ерейментау қаласы маңындағы елді мекендерге жол салынып, жарықтандыру шамдары орнатылды.
Құрметті сайлаушылар!
Екі жыл депутат болып келесі жұмыстарды іске-асырдым:
- Қашықтығы 120 шақырым «Аршалы-Ерейментау» бағытындағы облыстық деңгейдегі тас жолына орташа жөндеу жұмысы жүргізілуде;
- Қашықтығы 53 шақырым «Еркіншілік-Қаратал» бағытында облыстық деңгейдегі жолдың күрделі жөндеу жұмыстарының жобасын дайындатып, сараптамадан өткізудемін;
- Еңбек ауылында 2022 жылы ауыл тұрғындары орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді;
- Еңбек ауылындағы темір жол өткелі мәселесімен 2020 жылдан бастап айналысып жатырмын. Бүгінгі күні аяқталу кезеңінде.
- Бестоғай ауылдық округінің Қызылту ауылында орналасқан жерасты байлығын пайдаланушы «ҚЫЗЫЛТУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келісім-шарт бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға әлеуметтік көмек көрсетуін, Ерейментау ауданының бюджетіне қаражат бағыттау жұмысымен айналысудамын;
- «Ауыл – ел бесігі» және «Аумақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламалары бойынша жобаларды дайындатып және олардың іске асырылуын қадағалап келемін және басқа да салалар бойынша жұмыстар атқарудамын.
Басты мақсатым – әділетті Қазақстан ҚҰРУ АРҚЫЛЫ, өз алдыма облыстық мәслихат депутаты ретіндегі шешілетін бірқатар міндеттер қойдым. Менің сайлауалды бағдарламам Ерейментау аудан тұрғындарының мәселелерін ескере отырып құрастырылды.
Мен Сіздердің сенімдеріңізді ақтауға тырысамын.
Осыған байланысты, мынадай шаруаларды қолға аламын:
1. 2025 жылға дейін Ерейментау ауданының әр өңірлерін ауыз суымен қамтамасыз етуге, су құбырын күрделі және ағымды жөндеуден өткізуге ықпал етемін.
2. Ерейментау ауданының облыстық, аудандық, ауылдық деңгейдегі көше жолдарын күрделі және орташа жөндеуден өткізу.
3. Көшелерді жарықтандыру.
4. Мәдениет, білім және денсаулық сақтау салаларының ғимараттарын күрделі және ағымды жөндеуден өткізу.
5. Халықтың әлеуметтік осал топтарының жағдайларын жақсарту.
6. Мүгедек адамдардың және мүгедек балалардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету мәселелерімен айналысу.
7. Ерейментау ауданына шикізатты өңдеу мен өндіруді енгізу, қала құраушы кәсіпорындарды ашу, жаңа жұмыс орындарын құру.
8. Денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет саласын жақсартып арттыруға ат салысамын.
Құрметті сайлаушылар!
Мен – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ болашағы үшін әрекет етемін. Ақмола облысының әр тұрғынының өмір сүру сапасын арттыру бойынша қойылған міндеттерді шешу үшін сайлауға түсіп отырмын.
Біз бірге болып, барлық мақсаттарға қол жеткізе алатынымызға сенімдімін. Сондықтан Мен Сіздерді сайлау учаскелеріне келіп, ауылдарымыздың жағдайын өзгерту үшін дауыс беруге шақырамын!