
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы наурыз айының 19-шы жұлдызына ҚР Парламент мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың сайлауын бекіткенінен хабардармыз.
Бұл науқан тура Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамының қарсаңында өтпекші. Атап айталық, осы жолғы саяси науқан әдеттегіден өзгеше. Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы дауысқа түссе, қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады деп хабарланды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша қатысады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Өздеріңізге мәлім, мен былтыр күздегі Жолдауымда Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы осы жылдың бірінші жартысында болатынын жарияладым. Яғни, бұл бастама айтылған сәттен сайлауға дейін жарты жылдан астам уақыт өтеді. Тәуелсіздік жылдарында сайлауға дайындалу үшін кандидаттар мен саяси партияларға осыншама көп уақыт берілген емес. Мәжілістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – конституциялық реформаның жалғасы. Былтырғы референдумда халқымыз бұл реформаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде еліміз өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойынша жасақтауға көшті. Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30%-ын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді. Мұның бәрі саяси бәсекені күшейтеді, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашады. Алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалады. Бұған Орталық сайлау комиссиясы және Бас прокуратура жауапты. Сайлау науқанын отандық және халықаралық байқаушылар жіті қадағалайды. Осы тұста азаматтарымыздың байқаушы ретінде белсенділік танытуы маңызды. Заңға сай барлық кандидат пен партияның бұқаралық ақпарат құралдарына шығуына бірдей мүмкіндік беріледі. Алдағы сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ», – деді.
Біз Мемлекет басшысының осы бір сөзінен аталмыш саяси науқанның Қазақстан қоғамы үшін үлкен жаңалық, өзгеріс әкелетінін байқап отырмыз.
Және осы жолға додада AMANAT, Қазақстан халық партиясы, Ақжол, Ауыл, ЖСДП және жаңадан тіркелген «Байтақ» пен «Respubliсa» атты 7 партия бақ сынасады екен. Бұл үлкен саяси бәсекелестіктің боларын айқындап тұр
Президентіміз өзі атап өткендей, бұл сайлау оның алдында жасалып жатқан саяси науқандар: Президент сайлауы, саяси институттардың жаңаруы, жаңашылдыққа бет бұру т.б. іс-шаралардың заңды заңды жалғасы деп түсінеміз.
Тағы бір өзгеріс – бірмандаттық округтен ҚР азаматтары өзін-өзі ұсына алады. Бұл да демократиялық бетбұрстың белгісі. Одан бөлек атап өтерлігі, партиялық тізімде әйел адамдар мен жастардың және мүмкіндігі шектеулі адамдардың саны 30 пайыздан кем болмауы керек екені айтылған. Бұл – қоғамдағы әр деңгей өкілдері түгелдей қамтылады деген сөз.
Сайлау алдында «Байтақ» пен «Respublika» секілді партиялардың жеңіл тіркелуі де жаңа қоғамға бет бұрғанымызды байқатады. Осының бәрі елімізде саяси плюрализмнің, әділдіктің, азаматтық сананың қалыптасуына жол ашары сөзсіз.
Бұл жерде жергілікті мәслихат депутаттары сайлауына баса мән бергеніміз жөн. Себебі, мәслихат депутаттары ел ішінде жүргесін, олар қоғамдағы кем-кетікті, басқадай шаруаларды жіті бақылай алады. Сондықтан да ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерге, жаңашылдыққа, ұлттық құндылықтарға саналы көзбен қарап, халықтың талабынан шыға білетін депутаттарды қолдауымыз керек. Себебі, депутат деген әлеумет көпшіліктің мәслихат пен мәжілістегі өкілі, халықтың жоғын жоқтайтын адамдар.
Қысқаша айтсақ, осы сайлау науқанынан халықтың күтері көп. Сондықтан ел болып аташмыш шараға ат салысып, азаматтық саналығымызды білдірелік.
Аманжол ӘПЕНОВ, «Ереймен елі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ішкі істер саласының ардагері