
Бүгін Ерейментау ауданындағы Еркіншілік ауылында ауылдық округ әкімінің лауазымына сайлау өтіп жатқаны жайлы хабарлағанбыз. Таңертеңгі сағат жетіде басталған бұл саяси науқан әлі де жалғасын табуда. Ауылдық округ аймағындағы үш сайлау учаскесіндегі сайлау комиссиясы тынымсыз жұмыс жүргізіп, саяси іс-шараның өз деңгейінде өтуіне барлық жағдайды жасап отыр.
Ауылдық мәдениет үйінде орналасқан №403 үшінші сайлау учаскесінде дауыс беруге жастары жеткен 916 адам тіркелгенін жазғанбыз. Сағат күндізгі 15.00-ге дейін аталған электораттың 33 пайызы дауыс беріп үлгерген.
Ауыл орта мектебінің ғимаратында орналасқан №403 сайлау учаскесінде дауыс беруге тіркелген 847 адамның 33 пайызға жуығы өздері таңдаған кандидатқа дауыстарын берген. Әлі де жалғасып жатыр.
Ал, Еңбек ауылында орналасқан №405 сайлау учаскесінде халықтың белсенділігі жоғары. Бұл жерде тіркелген 121 адамның 80 пайыздан астамы түске дейін дауыс беріп үлгерген.
Әзірге аталған үш учаскеде ешқандай төтенше оқиға, басқадай өзгерістер болған жоқ. Ауыл халқының көбі мал ұстайды, шарушалықтары бар. Сондықтан белгілгенген уақыт – кешкі сағат 20.00-ге дейін округ тұрғындарының 70-80 пайызы сайлау учаскесіне келетін шығар деп күтілуде.
Біздер Еңбек ауылындағы №405 сайлау учаскесінде әкімдікке үміткер Мұрагер Хабджалелдің сенімді өкілі, белгілі айтыскер ақын Ерлан Даулетті сөзге тартып едік.
-Мен бірінші рет кандидаттың сенімді өкілі болып сайлау жұмысына қатысып отырмын. Мақсатымыз – сайлаудың әділ, таза өтуін қадағалау. Ауыл тұрғындары өздері қалаған кандидатқа дауыстарын беріп жатыр. Нәтижесінде, додаға түсіп жатқан осы үш азаматтың біреуі өтеді ғой. Ең бастысы, сол азамат халықтың талап-тілегінен шығып, лайықты тұлға болса, одан артық не керек, – дейді Ерлан Дәулет.