
ЕҢБЕГІМЕН ЕСТЕ ҚАЛҒАН…
Сонау жылдары Жолбасшы ауылында жасы 95-96 шамасындағы Әбдірахман Сәбитұлы атты ақсақал болды. Сүйегі Уақтың Шоға атасынан еді. Сол кезде ауылдағы ең жасы үлкені осы қария болатын. Екеуміз көрші тұрдық, сол себептен ара-тұра әңгіме-дүкен құрып, сұхбаттасып жүретінбіз. Сонда ол кісі сөз арасында Ақмоланың халқы ерте бұзылды дейтін. Оның себебін сұрағанда: «Тың игеру жылдары әр өлкеден көптеген ұлт өкілдері келді, олардың ұстанымдары әртүрлі. Осының себебінен кешікпей ұлтық тілімізден айырыла бастадық, той-томалақ, қонақ күту ішімдіксіз өтпейтін болды, бұзылғанымыз сол емес пе?» – дейтін. Ақсақал осылай ұлтымыздың тағдырына алаңдаушылық білдіретін еді. Бірақ шет жұрттан қандас ағайындар келіп дініміз, тіліміз қайта орала бастады деуші еді.
Сол уақаттарда Жолбасшы бөлімшесінің меңгерушісі болған Серікбай Төлеубеков Әбдірахман қария жас кезінде трактор-комбайншылардың курсында оқып жүргенде өзінің апайы Ұлжанмен танысып үйленгенін айтатын.
Осы Әбдірахман Сәбитұлынан – Теміртас, Темірбек деген екі ұл, Бикеш атты бір қызы туыпты. Қазір Әбдірахманның ұрпақтары Ақмырза, Новомарковка ауылдарында тұрады, мал шаруашылығымен айналысады. Қала халқын ауыл шаруашылығы тауарларымен қамтамасыз етушілердің қатарында.
-Әбдірахманың әкесі Сәбит Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданындағы Калинин атындағы ауылда дүниеге келіп, сол жақта есейіп, ержетіп, кейін Ерейментау жеріне қоныс аударыпты. Сәбиттен – Рақымжан, Әбдірахман, Нұғыман атты балалар тарайды, – деп бүгінгі ұрпағы, атбегі Аман Темірбекұлы айтады.
Біздің Әбдірахман қария туралы айтпағымыз, ол адаммның сауаттылығы, көкірегінің ояулығы, жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын тиянақтылығы, басқаға жасайтын қамқорлығы жайлы болмақ.
Бұл жөнінде ауыл қариясы, марқұм Санақ Ерденбайұлы: «Сол уақаттарда менің әкем Ерденбай, анам Мағрипат, тағы басқа адамдар механизатор болды. Солармен бірге Әбдірахман мен әйелі Ұлжан да болған еді. Әбекең партия мүшесі. Ол кезде барлық тапсырма партияның атынан берілетін, мүлт кетсең, жазасы қатал. Әбдірахман ақсақал соғыс кезінде майданнан броньмен қалыпты. Бірақ броньмен қалғандардың ішінен қылдан тайғадарын соғысқа жіберіп отырған. Бұл кісінің шешесі Камал сауатты, көрікті, он қолынан өнері тамған адам болған. Баланың асылдығы нағашыдан деген, сол қасиет Әбекеңе де қонса керек. Броньмен қалып. Веренкада бригадир болып, берілген тапсырманың бәрін ойдағыдай атқарып, үлкен жетістерге жеткен. Ұзақ жыл жемісті еңбек еткен ақсақал 1950 жылдың соңында құрметті демалысқа шықты», – дейді.
Әбдірахман Сәбитұлының еңбекқорлығы жайлы соғыс ардагері Құдайберген Канафин: «Әбдірахман сол кезде жеткілікті сауаты бар, партия мен үкімет саясатын жете түсінген, жұмыс жауапкершілігі мықты адам еді. Бригадир болып тұрған кезінде техника тоқтап қалса, ат арбамен Новомарковкадан, басқа жерлерден керек бөлшекті іздеп тауып әкелетін», – деп еске алады.
«Атамыздың қолынан кітап-журнал түспейтін, үнемі газет оқып, радио хабарын тыңдап отыратын, келген адамдармен елдің жағдайы, әлемде болып жатқан мәселелер туралы кеңесуге құштар болатын», – деп еске алады келіні бүгінде. Әбекеңнің соғыс кезіндегі еңбегі лайықты бағаланып, 1995 жылы «Ұлы Жеңістің 40 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталған. Медальді ұрпақтарына табастаған екен.
Кезінде «Тимофеевка» совхозында директор болған Қоныс Дуанбайұлы Әбдірахман қария жайлы былай деп еске алады: «Шаруашылыққа басшы болып келгеннен кейін, ауылдың ақсақалдарынан сұрастырып, Әбекеңе сәлем бере барғанымда, ол кісі әуелі аты-жөнімді сұрады. Сосын, сен білесің бе, атаң Әлімжан екеуміз ертеде Ақмолаға мал айдап тапсырып тұрғанбыз. Бірақ көре алмастық не істетпейді, сол кезде сенің атаңа қастандық жасалып еді», – депті. Бұл1922 жылдардың шамасы болса керек, онда Әбекеңнің 24 жастағы тепсе темір үзетін нағыз жігіт шағы болса керек.
Түйіндей айтсақ, бір кездерде ел үшін адал еңбек еткен Әбдірахман Сәбитұлы секілді адам болған. Кейінгі ұрпақтар біле жүрсін деп қағазға түсіріп отырмын.
Суретте: Әбдірахман Сәбитұлы
Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ, Новомарковка ауылы