
Бүгін, 24 қыркүйек күні аталмыш ауылдық округте ерекше күн. Ауыл тұрғындары алдағы бірнеше жылға өз әкімдерін сайлап алмақ.
Естеріңізге сала кетелік, 2021 жылы маусым айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізген. Бұл жиында облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері мен ауыл әкімдерін сайлау мәселелері талқыға салынған болатын.
Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Осы оқиғаны еліміздің тарихындағы айтулы белес деп айтуға болады. Негізі, бұл біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түрде келдік», – деген еді.
Міне, осындай демократиялық бастама ел ішінде барынша қолдау тауып, әрбір ауылдық округтер өздері лайықты деген азаматты әкім етіп сайлап алып жатыр.
Осы саяси науқан жөнінде мемлекет басшысы тағы да: «Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін алдағы сайлауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды», – деп ескерткен.
Сондықтан сайланған азаматтар осы талапқа сай болса дейміз. Былтырғы жылдан бері бұл бастама Ерейментау ауданында өз деңгейінде жүргізіліп, Олжабай батыр және Бозтал ауылдық округтері өздері таңдаған адамын әкім етіп сайлаған болатын.
Биылғы жылы Ерейментау ауданындағы Еркіншілік ауылдық әкімінің сайлауы өтіп жатыр. Аталмыш додада ауылдық округтің бұрынғы әкімі Марат Жампейісов, Мұрагер Хабджалел және Ертай Есенгелді секілді азаматтар бақ сынамақ. Ауыл халқының әзірше қайсын қолдары белгісіз.
Таңертеңгі сағат 7.00-ден ауыл тұрғандары саяси белсенділік танытып, сайлау учаскесіне ағылып, өздері таңдаған азаматқа дауыс беріп жатыр. Оның нәтижесі кешкі сағат 20.00-де белгілі болады.
Еркіншілік ауылдық округінде 403, 404, 405 сайлау учааскелері орналасқан. Олардың екеуі (403, 404) Еркіншілік ауылында болса, бір учаске (405) Еңбек ауылында.
Біздер таңертең ерте бас сұққан 403 сайлау учаскесі ауыл орта мектебінде орналасқан. Халықтың белсенділігін байқадық. Комиссия төрайымы Шакенова Айманның айтуынша, аталмыш учаскеге қарасты, дауыс беруге құқылы 916 адам бар екен.
«Ең бірінші болып дауыс берген ауыл тұрғыны Ауталиева Ерке. Біздер оны құттықтап, сыйлық табыс еттік» – дейді Айман Шакенова.
Ауылдық мәдениет үйінде орналасқан 404 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Назар Балтақовтың айтуынша, бұл учаскеде дауыс беруге құқылы 847 адам тіркелген. Ауыл адамдары белсенділік танытып, дауыс беріп жатыр.
Көршілес Еңбек ауылында орналасқан 405 сайлау учаскесінде 121 адам тіркелген. Бұл жерде комиссия төрағасы – Аубакиров Темірхан. Халық хал-қадарынша дауыс беріп жатыр.