
Бүгінгі күні таңертеңгі сағат жеті болар-болмастан Ерейментау қаласында әдеттегідей қарбалас қимыл басталып кетті. Тұрғындардың алды сайлау учаскелеріне қарай бет алған. Кейбір зейнеткерлер сайлау учаскелеріне таңғы сағат алты жарымнан келіп, тосып отырғанын байқадық. Осының өзі қала тұрғындарының белсенділігін, ел болашағына деген алаңдаушылығын байқататын секілді.
Қаладағы сайлау учаскелерінің бұл науқанға барынша жан-жақты дайындалғаны байқалып тұр. Дауыс беруге келген сайлаушыларды жылы жүзбен қарсы алып, бірінші болып дауыс берген адамдарға дәстүр бойынша сыйлықтар тапсыруда. Кейбір жасы келген адамдар сайлау бюллетеньдерінде не жазылғанын түсінбей жатса, жастар жағы көмектесіп, түсіндіріп жатқанын байқадық. Осының өзі қоғамдағы ынтымақ пен түсіністікті байқатады.
Біздер Ерейментау қаласының аумағында орналасқан сайлау учаскелерін аралап шығып, халықтың аса белсенділігін көрдік, оларда ел болашағына деген алаңдаушылық бар екенін байқадық. Дауыс берушілердің ішінде жасы үлкен қариялар мен жастар, орта жастағы адамдар, жұмысшылар мен қызметкерлер, түрлі саланың өкілдер бар. Барлығы да өздері лайықты деп таныған үміткерлерге дауыстарын беруде. Бұл бүгінгі қоғамның ашықтығын, халықта еркін таңдау бар екенін білдіреді.
Біздер сайлау учаскесінде жолығып қалған Ерейментау қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Қарашаш Қалқаманованы сөзге тартып:
-Халықтың бүгінгі белсенділігіне қандай баға бересіз? – деп сұрадық.
-Байқайсыз ба, халық, жалпы қоғам осы сайлаудан үлкен үміт, зор жаңалық күтуде. Көріп отырсыз, бірнеше партияның өкілдері, олардан бөлек өзін-өзі ұсынушы үміткерлер додаға түсіп жатыр. Әркім өз таңдауы бойынша дауыс беруде. Бұл бүгінгі қоғамның демократияланғанын, ашықтығын көрсетсе керек.
Енді халықтың белсенділігі жайлы айтар болса, барлығы да еліміздің болашағы үшін алаңдайды. Олар экономикасы дамыған, әл-ауқаты мықты Қазақстанды көргісі келеді. Сол себептен халық осындай белмсенділік танытып жатыр, – дейді Қарашаш Елубайқызы.
Түйіндей айтсақ, Ерейментауда биылғы сайлау науқаны аса белсенді басталды. Осыған қарап, нәтижелі болар деп сенеміз.
Өз тілшіміз