
Үкіметке шекаралас аудандарда қоныстанғысы келетін азаматтарға тұрғын үйді арзандату тапсырылды
Саладағы саясатты жүйелейтін және түбегейлі жақсартатын қала құрылысы кодексінің маңызы зор. Үкімет шекаралас аудандарда қоныстанғысы келетін азаматтарымыз үшін тұрғын үйді арзандату мәселесін шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс.
Сондай-ақ, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға және құруға назар аудару қажет. Менің ойымша, бұл маңызды стратегиялық міндет. Бізде 65 шекара маңы бар, өкінішке орай, олардың көпшілігінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен деңгейде.
Бұл аудандардың стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, менің тапсырмам бойынша әзірленіп жатқан ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде Шекара маңындағы аумақтарды дамыту жөніндегі нақты шараларды көздеу қажет.
Басты мақсат-халықтың кетуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, шекара маңындағы аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру.
Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейту маңызды
«Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобалары ауылды дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаға арқау болуға тиіс. Топырақтың құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет.
Өнім көлемін арттыруға және оны әртараптандыруға баса мән берген жөн. Ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға сапалы заңдар қажет. Бұл жұмысқа Мәжілістен орын алған «Ауыл» партиясы өз үлесін қосады деп сенемін.
Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді
Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хат өте көп. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді. Сондықтан, біз осы саладағы саясатымызды қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуіміз керек.
Агроөнеркәсіп кешені азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін толық орындап отырған жоқ
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет. Ашығын айтсақ, агроөнеркәсіп кешені бұл міндетті толық орындап отырған жоқ. Осы саладағы саясат бірізді емес. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат тиімді жұмсалмайды. Өнім өндіруші мен тұтынушының арасында делдал көп. Бұл азық-түлік инфляциясы динамикасына теріс әсер етеді. Ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға қажетті жағдай жасау – мемлекеттің міндеті», –
Ұлттық жобалар уақтылы және сапалы жүзеге асырылуы тиіс
Біз нақты индустрияландыруға, жергілікті өндірісті дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға баса назар аударуымыз қажет. Бюджеттен қаржыландырылатын ауқымды жобаларды, ең алдымен отандық кәсіпкерлер жүзеге асыруға тиіс. Ұлттық жобалар уақтылы және сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Осының бәріне парламенттік бақылау жасау айрықша маңызды. Өздеріңізге дауыс берген азаматтар үлкен үміт күтіп, сенім артып отыр. Депутаттар билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуға үлес қосуы қажет. Бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыруға септігін тигізеді. Әсіресе, сайлауда жеңіске жеткен Amanat партиясы осы жұмысқа белсене атсалысады деп сенемін. Партияның тәжірибесі мол, қоғам тарапынан жан-жақты қолдау бар. Сондықтан, Amanat партиясы алдағы өзгерістердің бел ортасында болады деп үміттенемін.
Экономика әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді болып отыр
Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды. Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді болып отыр, яғни ел экономикасының құрылымы қарапайым. Шын мәнінде, бізге қарқынды даму үшін күрделі, әртарапты экономикалық құрылым қажет. Әрине, шикізат нарығындағы әлемдік бәсекеде біздің өз артықшылығымыз бар. Қазіргі және стратегиялық міндеттерді орындау үшін оны тиімді пайдалану қажет. Сондықтан, осы саланы одан әрі дамыта беру керек. Бірақ, жер қойнауын пайдалану саласында ондаған жыл бойы қордаланған проблемалар аз емес. Геологиялық барлау жұмыстарының ойдағыдай жүргізілмеуі тау-кен өнеркәсібін өркендетуге кедергі келтіріп отыр. Минералды шикізат базасын толықтыру қарқыны бәсеңдеп барады. Оның үстіне, қазір игеріліп жатқан кен орындарының қоры сарқыла бастады. Ол үшін заңнаманы жақсартып, рәсімдерді жеңілдету керек. Геологиялық барлау және кеніштерді игеру ісіне инвестиция тарту айрықша маңызды. Үкімет пен Парламент осы салаға қатысты нақты шаралар әзірлеуге тиіс.
Сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформалар жалғасады
Елді жайлаған індет және оның салдары кәсіпкерлерге оңай тимегені анық. Былтырдан бері саяси жүйені жаңғыртуға баса мән бердік. Енді экономикадағы нақты мәселелермен айналысатын кез келді. Бұл жұмысты мықтап қолға алу керек. Біздің басты міндетіміздің бірі – жеке меншікті қорғау және нарықтың бәсекелі болуын қамтамасыз ету. Сол үшін сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформаларды жалғастыру қажет.
Қазақстан – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ендеше, қастерлі Отанымызды бірге өркендетейік, болашағымызды бірге құрайық. Мен Президент ретінде Сіздерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне кепілдік беремін. Біз шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән береміз. Осы орайда, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет.
Мемлекет басшысы Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынды
Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет. Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр.
Менің тапсырмаммен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ, бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек. Депутаттық корпус заңнамадағы тиісті өзгертулерді шұғыл түрде қарап, қабылдауға тиіс. Коммуналдық желілердің әбден тозуы салдарынан барлық өңірде дерлік қайта-қайта апат болып жатыр. Көптеген қалада жол, электр тарату желісі, газ құбыры секілді негізгі инфрақұрылымдардың тапшылығы қатты байқалады.Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан, мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын.
Бизнесті толыққанды қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау керек
Шағын және орта кәсіпкерлік экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Бұл жөнінде көп айтылды. Бірақ аталған бағытта айтарлықтай ілгерілеу болған жоқ. Демек, экономикалық саясатқа өзгеріс енгізу қажет. Шағын және орта бизнесті толыққанды қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау керек. Олар елімізді дамытуда маңызды рөл атқаратынын толық сезінуге тиіс. Бізге Қазақстан экономикасын дамыту жолында өзіне жауапкершілік ала алатын кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет. Оның бел ортасында әкімшілік ресурстарға иек артпай, кәсіпкерлік таланты мен еңбекқорлығының арқасында кәсібін табысты жүргізе алған бизнесмендер болуға тиіс.
Оларға елімізде өз бизнесін дамытуға мүмкіндік беру және нақты көмек көрсету маңызды. Қазақстанның қазіргі экономикалық моделі, ең алдымен, шикізат секторына инвестиция тартуға негізделеді. Сондықтан ұлттық буржуазияның негізін құрайтын орта бизнес жүйесіз дамып жатыр. Тек жекелеген аймақтарда ғана оң қарқын байқалады. Жалпы, Үкіметке экономиканың негізгі салаларына қомақты инвестиция, соның ішінде шетелдік инвесторларды тарту міндеті жүктеледі. Олар орта бизнестің дамуына тың серпін беруге тиіс. Бұл мәселені созбалаңға салуға болмайды.
Депутаттар ел мүддесі үшін қызмет етуі қажет
Ақпараттық технология дамыған қазіргі заманда халық бәрін жіті бақылап отыр. Осы ретте, депутаттардың ел алдындағы жауапкершілігі артқанын атап өткен жөн. Сондықтан, осы ғимаратта отырған депутаттар 5 жыл бойы саналы, парасатты түрде белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Себебі, ел мүддесі үшін қызмет ету қажет. Бұл – «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген қағиданың тағы бір көрінісі.
Бұл – қалыпты үрдіс. Олардың арасында мақсаты, ұстанымы әртүрлі жандар бар. Қазір елдің көзі ашық, көкірегі ояу, саяси сауаты жоғары. Кез келген сайлауда жеңіске жету үшін жылдар бойы қажырлы еңбек ету қажет. Халықтың және тарихтың алдындағы жауапкершілікті сезіну керек. Бір сөзбен айтсақ, ұзақ мерзімді, жүйелі стратегияның арқасында ғана жеңіске жетуге болады. Қажетті дауыс жинай алмаған үміткерлер үшін де бұл – үлкен тәжірибе және жаңа мүмкіндік. Баршаңызды Қазақстан мүддесі үшін жұмылып жұмыс істеуге шақырамын.
Алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ
Нақты басымдықтар форматында жұмыс істеу керек. Аса маңызды мәселелерді дереу шешу қажет. Бірақ кейбір мәселені кейінге қалдыруға, ал бірқатары бойынша алдағы шешімдердің тек жобасын белгілеуге тура келеді. Әйтпесе, еңбегіміз зая кетеді және қолда бар ресурстарымызды сарқып аламыз. Алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ. Елімізді қарқынды дамыту үшін сапалы заңнамалық база қалыптастыру керек. Ол үшін экономикаға қажетті ережелер мен қағидаларды өзгерту қажет.
Монополиядан арылту және елімізден заңсыз шығарылған капиталды қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл елімізге орнықты, бәсекеге қабілетті ірі бизнес керек емес дегенді білдірмейді. Керісінше, қажет екені сөзсіз және біз оны қолдаймыз. Ірі бизнес біздің жаңа экономикалық парадигмада жаңаша жұмыс істей бастайды әрі міндетті түрде дамиды. Жалпы, ашық әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін нарықтық экономика қалыптастыру басты басымдық болып қала береді.